Шымкент қаласында 8 сәуірде – 3, 9 сәуірде – 4 жағдай тіркелді.
Бұл науқастардың барлығы вирус анықталған 48 жасар азаматша мен 26 жасар азаматтың тығыз байланыста болғандар.
Аталған науқастар стационарлық карантинде медициналық қызметкерлердің бақылауында болған. Инфекцияны анықтау бойынша жүргізілген зертханалық тексеруден COVID-19 сынамасы оң нәтиже көрсетті.
«Науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық, барлығына бекітілген хаттамаларға сәйкес қажетті ем жүргізілуде.
Ауруға шалдыққандар арасында: 2 және 14 жастағы 2 бала мен 23-55 жас аралығындағы 5 адам бар. Осы азаматтармен байланыста болған 81 адам оқшауланып, медициналық бақылауға алынды»,-делінген мамандар берген хабарламада.
Ошақтарда науқастардың тұрғылықты жері бойынша дезинфекция жүргізіліп, карантинге жабылған.
Және Шымкент қаласы бойынша қосымша 3 ошақ тіркелген. Олар: «Солтүстік-Батыс» шағынауданындағы Үшқиян көшесі, «Қайтпас-1» шағынауданындағы Алтай көшесі және Сайрам тұрғын алабындағы Әл-Фараби көшесі.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы коронавирус инфекциясына шалдыққан 27 жағдай тіркелген.