Бата – қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі. Халқымыз ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеуді дәстүрге айналдырған.
Бата арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі. Оның мағынасы – алғыс айту, ақ ниет, тілек білдіру. Ақсақалдар үйде бір жақсылық бола қалған жағдайда немесе сойылатын малға бата жасап, балаларға қойдың құлағын үлестіреді. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатыр және ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік жатады.
Баталардың түрлері
Бата тойдағы тілектен айтарлықтай өзгешеленеді. Кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады. Олар — ас батасы, Наурыз батасы, жарапазан батасы, серттесу батасы, сапар батасы, жаңа ай батасы, теріс бата, соғым батасы, көші-қон батасы, жас отау иелеріне арналған бата және өлім шыққан үйде айтылатын бата және т.б. Соның бірнешеуіне тоқталсақ.
Ас батасы
Бұл бата дастархан жайылып ауызға асты алмас бұрын және тамақтанып болғаннан кейін беріледі. Қазақ халқы тамақ ішкен сайын «Асқа адалдық, денге саулық» деп тілек тілеп отыруын үзбеген емес.
Мысал:
Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең
Тепкілесе кетпесін.
Желіңнің екі шетіне,
Тай шаптырса жетпесін!
Наурыз батасы
Наурыз мерекесінде үйді-үйге қыдырып, көже ішіп жүргенде берілетін бата түрі. Әдетте бұл батаның мәтінінде «Жасыңыз ұзақ болсын! Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс оң болсын! Ұлыс береке берсін, пәле жала жерге енсін» сынды тармақтар болады.
Мысал: Әумин! — бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын!
Жүгінелік ақылға
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Наурызбенен жаңарсын
Тәніміз бен жанымыз
Жақсы негіз қалансын
Жарасып ән сәніміз!
Сапар батасы
Қазақ елі ұл-қызы алыс сапарға немесе өмірін бәске тігіп жорыққа аттанарда халықты жинап, ішінен ең сыйлы деген азаматтан бата сұрайтын болған. Осыдан кейін адамның сапары немесе жорығы сәтті болып, елге аман-есен оралады деген наным қалыптасқан.
Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Серті мен сөзде тұратын,
Сенімді болсын жолдасың.
Жолыңды кесем дегендер
Ешқашанда оңбасын.
Сәтті болып істерің,
Жақсы болсын түстерің,
Жортып бір жортып жеткенде,
Жомарт болып төсегің.
Жұғымды болсын ішкенің
Көрмеген жерді көріп қайт,
Қайырылып сәлем беріп қайт.
Ырзығың сыртта шашылса,
Оны да түгел теріп қайт.
Айдарыңнан жел есіп,
Желіп барып, желіп қайт.
Бақ қосылып басыңа,
Дақ түспей ар мен бағыңа,
Сау-саламат өзіңмен
Кездесейік тағы да