Шымкент қаласында 2020 жылы барлық қаржы көздері есебінен 13 636 пәтерлі 252 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы ауданы 1 миллион шаршы метрді құрайды.
Оның ішінде, 78 тұрғын үй бюджет, 48 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ және 126 үй жеке салушылар есебінен жүргізіліп жатыр.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, төтенше жағдай кезінде Шымкенттегі құрылыс жұмыстары тоқтамайды. Мәселен, мемлекеттік инвестициялар есебінен биыл қалада 126 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Ағымдағы жылы 107 көпқабатты тұрғын үй немесе 6 213 пәтер пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, нарықтан 696 арендалық пәтер сатып алынады.
Еске сала кетсек, таяуда қала әкімі М. Әйтенов мердігерлерге қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз жүрген азаматтарды құрылысқа тартуға шақырған болатын. Төтенше жағдайға байланысты қаладағы құрылыс нысандарында бірқатар мамандарға сұраныс артқан. Атап айтқанда, бетоншы, қыш қалаушы, сылақшы және қарапайым дәнекерлеуші. Қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамту орталығына 443 маманға сұраныс берілген.