Шымкентте карантин шаралары күшейтілді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлім етті.
Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына жол бермеу және эпидемиологиялық жағдайдың асқынуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 18 сәуірдегі №11 «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысы шықты. Бұл Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссияның 17.04.2020 жылғы №12 хаттамасына сәйкес азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталып отыр.
— Өздеріңіз білесіздер, қаламызда бір күнде 12 адам коронавирус жұқтырды. Осыған орай, індеттің таралу қаупіне байланысты қаламызда сақтық шаралары күшейтілді. Қаулыға сәйкес, Шымкент қаласының барлық аумағында 2020 жылдың 19 сәуірі сағат 00:00-ден бастап 01.05.2020 жылы сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізіліп отыр. Атап айтсақ, айырбастау пункттерінің, микрофинанстық ұйымдардың қызметін онлайн жұмыс режиміне және «клиенттерге дейін жеткізу» принципі бойынша көшіру арқылы уақытша шектеледі. Сонымен бірге, қалада қоғамдық көліктер де жұмысын тоқтатады.
Қоғамдық көліктер тоқтағанымен қалада арнайы тіркелген 11 такси компаниясы жұмысын жалғастыра береді. Оларда 2 адамнан артық жолаушы алуға болмайды. Тіркелмеген таксилерге рұқсат жоқ, — деді қала әкімінің орынбасары М. Исахов.