Бұл туралы қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлады.
Басқарма басшысының орынбасары Болат Малимовтың айтуынша, Шымкентте бұл бағыттағы іс-шаралар карантин аяқталғанша жүйелі жалғасады. Бүгінде қаладағы 13,8 млн. шаршы метрді құрайтын 1500-ге жуық көшені толығымен залалсыздандыру үшін 20 бағыттық кесте әзірленген. 32 техника жоспар бойынша күнделікті дезинфекция жұмыстарын атқаруда.
– Жауапты мамандар гипохлорит кальций қоспасымен қала аумағын тазалап жүргендердің жұмысын күнделікті жүйелеп, үйлестіріп отыр. Бүгінде 200-ге жуық әскери қызметкер мен 100-ден астам жұмысшы қоғамдық орындар мен саябақтарды, аялдамаларды, аяқжолдарды залалсыздандыруға жұмылдырылған, — дейді Б. Малимов.
Бұдан бөлек, шағынаудандардағы қоқыс контейнерлері тұратын аумақтар мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, кіреберістерін дезинфекциялауға 20 сервистік компанияның 60 техникасы мен 600-ге жуық жұмысшысы тартылған. Қала сыртындағы 18 блок-бекетте хауыздарға арнайы қоспалар құйылып, санитарлық нормалардың талаптарын орындау бақылауға алынған.
Айта кетейік, мегаполис ішінде карантинге жабылған шағынаудандар мен көпқабатты үйлердің аулаларын күн сайын химиялық өңдеу шаралары карантин аяқталғанша мақсатты жүргізілмек.