АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІН 2021 ЖЫЛЫ ТОЛЫҚТАЙ ШЕШІЛМЕК

Еңбекші ауданындағы 16 тұрғын алаптың 11-де ауыз су мәселесі бар. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтың Бадам-1 тұрғын алабы тұрғындарымен кездесуі барысында мәлім болды.

Сондықтан, 2020 жылы аудандағы 2 мыңнан астам абонентке су тарту жұмыстарының жобалық сметасы әзірленіп жатыр. Егер құжат осы жылы дайын болса, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Аудан әкімі Ғалымжан Ілиясовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүргізілсе 2021 жылы Еңбекші ауданында ауыз су мәселесі толықтай шешімін табады.

Бүгінде аудан тұрғындарын сапалы энергиямен қамту 88 пайызды құрайды. Қалғаны жекеменшік жарық жүйесіне тәуелді. Мәселені шешу үшін 2020 жылы 5 мыңнан астам абонентке қуат көзін тарту үшін құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Ауданды көгілдір отынмен қамту жағы да Бозарықтағы газ таратушы бекет (АГРС) құрылысының бітуіне қарай 2020-2021 жылдары шешілмек. Мұнан өзге Еңбекші ауданында осы жылы 53 шақырым жол салынады деп күтілуде. Нәтижесінде топырақ жолдарға толықтай тас және асфальт төселеді.

«Биыл қалада үлкен жұмыстардың жасалып жатқанын көріп отырсыздар. 2020 жылдан бастап топырақ жол Шымкент қаласында болмайды. Өйткені, өте көп асфальт жолдар салынып жатыр. Биыл үлгермеген жолдардың сметасын дайындап, келер жылы бастаймыз. Үш жыл ішінде бәрін асфальттаймыз»,- деді қала әкімі.

Айта кету керек, ауданда 2 мектеп, 2 дәрігерлік амбулатория жетіспушілігі бар. Бірақ бұл мәселелерді демеушілердің есебінен шешу жағы қарастырылып жатыр.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*