Әлімбек Тегісбайұлы, ҰОС ардагері
ТЕГІСБАЙҰЛЫ Әлімбек Амангелді ауылында 1925 жылы 1 қаңтарда туған. 1943 жылы 15 сәуірде ол Арыс қаласының әскери комисариаты арқылы соғысқа аттанды. Арыс қаласынан Чита қаласына жіберіліп, 1944 жылдың 25 қаңтарында атты әскерлер полкына алынды. 1944 жылы наурыз айында алғаш рет соғысқа қатысты.
Екінші Белоруссия майданында 4-ші дивизияның 16-шы полкында қатардағы жауынгер болды. Соғысты Германияның Эденбург қаласында аяқтады. Сол жерде жарақат алып, Уфада госпитальда емделді.
Жеңіспен елге оралған азамат отбасын құрып, туған жерінде тракторист болып еңбек етті. Ауылында ұзақ жылдар табан аудармай жұмыс істеп, 1985 жылы зейнеткерлікке шықты.
Еңбектің қара қазанында қайнаған Тегісбайұлы Әлімбек бүгінде ел-жұртына қадірлі қария, Шымкентте балаларымен бірге тұрады. Отбасындағы 6 ұл-қыздан 21 немере, 40 шөбере көріп отыр
Тегісбайұлы Әлімбек «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және көптеген мерекелік медалдармен марапатталған.
Жалпы, Шымкент қаласында бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 40 ардагер тұрады.