БЕСІК ЖЫРЫ ЕРМЕК ҮШІН АЙТЫЛМАЙДЫ

Бесік жыры- сәби жүрегіне алғашқы рухани нәр беретін бірден-бір жыр. Бесік жыры бесікке бөленген баланы тыныштандыру мақсатында айтылады. Үлкендердің әлдилеген бөпесіне зор махаббатын, сүйіспеншілігін жеткізетін бесік жыры әр түрлі аттармен белгілі. Олар: «Бесік жыры», «Бөпем-ай», «Әлди, бөпем», «Дуай-дуай», т. б.

Б.Уахатов бесік жырын ананың ішкі монологы деп сипаттайды. Негізінде, бесік жырын орындаушы сәби жүрегіне ең жақын адам-оның анасы. Шешесі бесікте жатқан баласын тербетіп, әлдилей отырып әндеткен бесік жырына өзінің ішкі ойын, арман-тілегін де қосып айтатын болған. Бесік жырын баланы тербетіп, ұйықтатуды қолына алған отбасының кез-келген ересек адамдары да орындай береді.

Мойнымдағы тұмарым,
Тарқамайтын құмарым.
Тағдыр берген алсын деп.
Ақ бесікке салсын деп.
Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал-жаным.
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой.
Балам жатсын бесікке,
Пәлесі қалсын бесікте — деп бесік жырын тамылжыта төгіп, ұрпақтарына мол рухани азық беріп отырған.

Қазақ аналары бесік жырын ермек үшін немесе баласын жұбату үшін ғана айтпаған. Қайта, халықтың ауыз әдебиетін ұғымды пайдаланып, ұрпақтарының құлағына халықты салт-дәстүрмен адамгершіліктің, ізгіліктің өренін сіңіріп, даналық тағылымдарын құю үшін айтқан.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*