Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдай кезінде қаланы залалсыздандыру жұмыстары мен блок бекеттерде еңбек еткен 100 сарбазды марапаттап, алғыс хатын табыстады.
Естеріңізде болса, төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласында 100 сарбаз әскер қатарына шақырылып, қаланың қауіпсіздігі мен дезинфекция жұмыстарына жұмылдырылған болатын.
Нақтырақ айтсақ, бейбіт күні әскерге шақыртылған сарбаздар қалада залалсыздандыру жұмысына қатысып,санитарлық бұғаттау бекеттеріне көмекке барды.
Алдын Шымкент қалалық әскери комиссариятында арнайы медициналық комиссия жасақталып, үміткерлерді сараптамадан өткізген болатын. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болды.
Қауіпті дертпен күресте белсенділік танытқан сарбаздарды марапаттау барысында қала басшысы олардың ерліктерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, шаҺар басшысы еріктілер жылы қарсаңында өз еркімен көзге көрінбейтін инфекциямен күресте аянып қалмаған әрбір сарбазға мегаполис тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.