Еріктілер жылы аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Игі істер уақыты» бастамасын қолға алған болатын.
Осыған орай, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагері Али Аскеровты Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Али Аскеров 1942-1948 жылдары Совет армиясы қатарында қызмет еткен. Сталинград майданында 65-ші бөлімшенің бас батальон командирі болып, жауға қарсы көптеген шайқастарға қатысты. Ардақты ардагерінің қазіргі таңда 4 баласы, 14 немересі, 24 шөбересі, 2 шөпшегі бар.
Іс-шара барысында ардагердің үйін сырлау, ағаштарын абаттандыру, әрлеу секілді бірқатар жұмыстар жасалып, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Еске сала кетейік, 9-мамыр Ұлы Жеңістің 75 жылдық меректойында Шымкент әкімдігі қырық Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне 1 млн. теңгеден берілгені жайлы айтқан болатынбыз. 9 мамырға ақшалай төлем ардагерлердің жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне және басқа да бірқатар санаттарға қарастырылған еді.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында қала әкімі Мұрат Әйтенов ҰОС ардагері Сәрсен Әбдінұровтың үйіне барып, арнайы медалін тапсырып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берген болатын.