Қазақ халқының бұрынғы кездегі бала тәрбиесі өте жүйелі болған еді. Бала 6-7 жасқа дейін емін-еркін ойын ойнап, әбден еркелейді. Бұл кезде оның бетінен қағуға ешкімнің құқы жоқ. Тек сүндетке отырғызған соң «мұсылман болдың, үлкен азамат атандың», — деп бірте-бірте ересек өмірге үйретеді. Оқуға, өнерге, шешендікке бейімін аңдайды. 10 жасқа толғанда оған жекелеп қозы бақтырады. Бір сөзбен айтқанда, оны алдын ала қиыншылыққа дайындап, еңбектің дәмін татқызады. Бұл міндетті ғұрыпты «қозы жасы» деп атаған. Қозы жасы 13 жасқа дейін созылады. Ары қарай, 13 пен 20 жас аралығы «қой жасы». Бұл кезеңде бала бір қора қой баққан. Малдың қай түріне қараса да оны ұры-қарыдан сақтап, ит-құсқа алдыртпау үлкен жауапкершілік саналады. Он жасынан қозы бақтыру – балаға артылған алғашқы үлкен сенім.
Қазір «қозы жасы» ескеріле ме?
Ата-бабамыз әр жасқа төрт-түлік атауын берген. Тегін емес. Көшпелі өмірде қазақтың ең жақын серігі сол, төрт-түлік еді. Етін жеп, ағын ішіп, өзін көлік қылып, жүнінен киім тоқыған. Қарап отырсақ, ғасырлар бойы халқымыздың күнделікті тұрмысының барлығы малшаруашылығымен тығыз байланысты. Міне, сондықтан да баланы еңбекке тәрбиелейтін жас атауын да мал атауларымен байланыстыра атапты.
Бұрынғы заманда қазақ халқы онға толған баласына жүздеген, мыңдаған қозыны сеніп бақтырған. Әсіресе, ер балаға ерекше қаталдық танытқан. Өкінішке қарай, жаңа ғасыр балақайларының дені бір қозыға да қарай алмайды. Ақыл тоқтатқан бала дегеннен гөрі, балақай деуге көбірек келетін секілді. Мал бағу деген қазіргілердің құлағына баяғы заманнан қалып кеткен шаруадай болып көрінеді. Алайда сол азаматтар басқа кәсіптерге қарағанда малшаруашылығы құндылығының ешқашан өшпейтінін түсінсе ғой…