МАҚТААРАЛҒА МЕЙІРІММЕН

«Серпіліс» қоғамдық қоры, «Жалын» қоғамдық бірлестігі және Шымкент қаласы Ішкі Саясат және дін істері басқармасының қолдауымен Мақтааралға барған психологтар тасқын судың зардабын көзбен көріп, үрейленіп қалғандарға психологиялық көмек көрсетті.

«Әсіресе, жас балалар әбден шошып қалған. Тәжірибелі психологтар балалардың ой-өрісін дамытатын түрлі сабақтар өткізіп, сазбалшық және тұз терапиясымен суреттер салу арқылы балаларды көңіл-күйіне әсер етуге тырысты. Соның нәтижесінде олар бір сәтке болса да бойлары сергіп, жүздеріне күлкі үйірілді. Дегенмен, көздерінен әлі де мұң байқалады дейді»,- кәсіби психологтар.

Мамандар тек балалармен емес, бар мал-мүлкінен бір-ақ күнде айырылып, сергелдеңге салынған тұрғындармен де арнайы семинар-тренингтер өткізді. Тіпті, көпшілік алдында сырын аша-алмай қысылған азаматтарды жеке қабылдап, олармен жеке-дара жұмыс жүргізді. Оларды жеке қабылдаған мамандардың айтуынша, тұрғындардың жан дүниесінде ауырлық, мұң бар.
«Дегенмен, қиналғанда көмек қолын созар халық пен мәселелеріне құлақ асар биліктің бар екеніне риза. Алдағы уақытта да әлі де жұмыс жүргізуіміз керек»,- дейді психологтар.

Өз ісінің маманы, кәсіби деңгейдегі психологтармен емен-жарқын тілдескен тұрғындар үстімізден жүк түскендей жеңілдедік деп алғыстарын білдіріп жатты.

Сәлима Ерден, Өргебас ауылының тұрғыны: «Сіздерге үлкен рақмет. Біздің мәселелерімізді мұқият тыңдап, жанымызды түсінуге тырысқандарыңыз үшін рақмет. Осындай қиын сәтте бірге болғандарыңызға мың алғыс. Біз де сіздерге тілеулеспіз. Амандықтарыңызды тілейміз».

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*