«ЖАРЫСҚАЗАН» ҒҰРПЫ

Баласынан сүйген немересінен асқан қуаныш, бақытты білмейтін ене келінінің бойына бала біткенін байқағаннан-ақ асты-үстіне түсіп, барынша жағдай жасап, күтуге тырысады. Сәбидің дүниеге келгенін асыға күткен енесі келінін толғақ қыса бастағанда жарысқазан ғұрпын атқарады.

Келінінің бала көтергенін сезген ененің кеудесін қуаныш кернеп, көрші-қолаң, ауыл-аймақ, ет жақындарын жиып, құрсақ тойын жасаған. Құрсақ тойына келген әр әйел шашуын ала келіп, келінге ақ тілектерін жаудырған. Жиылған әйелдер жас келінге түрлі кеңестер беріп, жүктілікті жақсы өткізуге, босануға, ана атануға дайындаған. Араға уақыт сала келіннің ай-күні толып, толғағы басталғанда, енесі Жаратқаннан жәрдем тілеп, ауыл-аймақтағы әйелдерді шақырған. Осы кезде жарысқазан дәстүрі көрініс табады.

«Жарысқазан дегеніміз – аяғы ауыр келіншектің толғағы басталған кезеңде жасалынатын әдет-ғұрып, салт-дәстүр. Толғақ басталғаннан бастап енесі көрші-көлем, жақын-жуық әйелдерді шақырып, толғағы тез болып, бала ертерек туылсын деген ырымменен жарысқазан береді. Яғни қазанға ет салып, жиюлы жүкті шешіп, көрпе-төсектің бәрін жазып, осы тәрізді ырымдар жасаған. Ол келіннің тезірек босануын тілеумен байланысты ғұрып. Жарысқазан ғұрпының әр жерде әрқалай өзіндік дәстүр-салты бар. Кейбір жерлерде қазанға ет салып, көрші-көлемді шақырып, ет піскенше бала ертерек туылсын деген ырыммен көрпе-төсек, тағы басқаны ақтарып, жазады. Ертеректе аяғы ауыр келіншектің етегін бүріп қоятын болған. Бұл бала ертерек, мерзімінен бұрын туып қалмасын деген ырым. Туылған кезде бүрілген етектің де жібін алады. Ғұрыптың мағынасы осы.

Жарысқазан жасалғанда ешкім асын аяп, іркіп қалмайды. Әр үйде бірнеше жерде қазан асылады. Келіншек босана алмай қиналып, толғақ ұзаққа созылып кетсе, қазан басында жүрген әйелдер қазанға пышақты жанып: «Қара қазан бұрын пісе ме? Қара қатын бұрын туа ма?», – деп дауыстап қояды. Келіншек аман-есен қол-аяғын бауырына алса, ауыл жұрты жиылып, босанған келіннің қалжасынан дәм татады.

Жарысқазан – тек қазан асылуы емес. Толғатқан келіншектің белбеуі босатылып, жеңіл босануына бар жағдай жасалады. Үй ішіндегі сандық, абдыралардың ашылып, теңдер шешіледі. Арнайы түйрелген қарынның да аузы босайды.
«Түсті ме» -келіннің толғағы жиілеп, босана алмай қиналған кезде айтылады. Сондай кезде толғатып жатқан келіннің белін мықтап буып, оны үй ішіне керген арқанға асылдырып отырғызады да, ересек балалар немесе жас келіншектер қолына келсап, тоқпақ сияқты салмақты нәрселерді алып, үй сыртын солқылдатып айнала түйгіштеп, «түсті ме түсті ме !» деп айқайлап отырады. Сол кезде үйдегі әйелдер «түсті ме! түсті ме!» деп оған үн қосады. Сол кезде ширығып, қысылып жатқан әйел денесін еркін қойып беретіндіктен бала аман-есен шыр етіп жерге түседі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*