КӨКПАР-ҰЛТТЫҚ ОЙЫН

Көкпар — ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойын атауының шығу тегіне байланысты бірнеше нұсқалар бар: «көк бөрі» немесе «көк бөрте». Тағы бір нұсқасында «көкпар» сөзіндегі «пар» бөлшегі паршалау, пәрелеу деген сөздерден шыққандығы айтылады. Көкпар тарту ойындары тек қазақта емес, Орталық Азия елдерінің кейбір елдері: ауған, қырғыз, өзбек, тәжік сияқты өзге де халықтарында бар.

Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20-30кг-дай келеді. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан көкпарға тартпайды.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды.

Қазақстанда 1949 жылы көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Осыған сәйкес көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал оның екі жағында диаметрі 10 метрлік шеңбер (отау) сызылады. Алаң ортасында диаметрі 6 метрлік шеңбердің дәл ортасына көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8 – 15 мин аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан көкпарды өз командасының «отауына» жеткізу. Көкпар «отауға» жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда көкпарды өз «отауына» көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*