Қазақта жаңа түскен келін ешқашан қайын жұртының есімін атамаған. Ауыл үлкендерінен бөлек, еңбектеп жүрген балаларға дейін ат қоятын. Мұны қазақта «ат тергеу» деп атайды. «Ат тергеу» жаңа түскен келіннің байқампаздығын анық көрсетіп береді. Келін күйеуінің әпке-қарындастары мен аға-інілерін бойындағы ерекшелікті байқап, соған байланысты ат тергейтін. Мысалы, жайбасар інісін әзілдеп «жүйрігім», көп сөйлейтін балдызын «жуасым» деп атаған. Ал қарындастарын «кекілдім», «шырайлым» немесе «сырғалым» деген екен.
Өкінішке қарай, «ат тергеу» дәстүрінің нақты қалай және қайдан шыққаны туралы тарихи дерек жоқ. Қазақ — қазақ болғалы осы дәстүрді қолданып келеді. Себебі үлкен кісінің атын атау қазақта әу баста әдепсіз саналған. Сол үшін жаңа түскен келін ауыл үлкендерінің, сыйлы азаматтарының атын атамаған. Оған қоса, өзі келін болып түспес бұрын дүниеге келген кішкентай балаларға да ат тергеген. Оларға «еркежан», «кішкенем», «тентегім» деп ат қойған. Ат тергеу қазақ мәдениетінен туған дәстүр деуге болады.
Бұл дәстүрге қатысты ел аузында аңыз-әңгімелер де жетіп-артылады. Мысалы, Түсіп деген кісінің келіндері «түсу» деген етістікті мүлде қолданбайды екен. Бірде жаңа түскен келін үйге кіріп, «Атам аттан салақтап жатыр» деп енесін шошытып жіберіпті. Сөйтсе, ауыл келіндері «түсіп» дегеннің орнына «сусып, салақтап» деп айтады екен. «Әйел адамға күйеуінің туыстарын атымен атауға тыйым салынады» деу — қате пікір. Жоқ, бұл тыйым салу емес. Бұл — қарапайым мәдениет. Олардың есімдерін атау бұрыннан әбестік саналады. Сондықтан, келін тұрмыс құрғанда соған көндігіп барады. Негізі түсінген адамға оның пайдасы мол. Егер қазіргі заманда қазақтың салт-дәстүрін қалыптастырғымыз келсе, «ат тергеу» ұрпағымыз үшін өте пайдалы болмақ.