ТОРЕ ЯНСОННЫҢ «ТІЛ ТАРИХЫ» ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкенттегі ОҚМУ-дың Филология факультетінің «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының ФИ 18 3К3 тобы студенттері «Ағылшын тіл білімі» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Карбозова Г.К. ұйымдастыруымен ZOOM платформасында онлайн форматтағы дөңгелек үстел өтті. Онлайн жүздесуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім: 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы бойынша жарық көрген Торе Янсонның «Тіл тарихы» оқулығы» талқыланды.

«Онлайн-вебинарда студенттердің ой тұжырымдары мен талдамалық материалдарды кең пайдалануы нәтижесінде жаңа оқулық мазмұны толық игерілді. Болашақ мамандар өз қызметіне дайын екендігін көрсетті»,-дейді жоғарғы оқу орнының ұстаздары.

Бұл еңбектен қандай халық қандай тілді қолданады, қай тіл көп қолданысқа ие, тілдер қалай пайда болып, қалай жойылады сынды бірқатар маңызды сұрақтарға жауап алуға болады.

Кіріспесінде тіл мен тарихтың егіз құбылыс екендігі жазылған. Ол екеуі қалай байланысқан дүние болуы мүмкін?! Ғаламшар пайда болғалы бері талай тарихи оқиғалар орын алды. Бұл заңдылық. Солардың барлығы адамдардың күнделікті қолданатын тілдеріне тікелей сабақтастықта өрбиді. Қысқасы, бұл еңбек тілдің тарихтағы рөлін көрсетеді. Сондай-ақ халықаралық қолданысқа ие тілдер және африка тайпалары мен австралиялық бушмендер сөйлейтін хойсан, банту тобындағы ұсақ тілдердің пайда болу тарихы қамтылған.

Автор үлкен тілдік топтарға да тоқталған. Олар: герман, славян және роман тілдері. Ағылшын, неміс, швед және итальян тілдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы жазған.

Жалпы, қазіргі таңда әлем халқы 6900 тілде сөйлейді, бірақ олардың көбінде сөйлейтін адамдардың саны аз. Ғаламшарымызда 7 миллиардқа жуық адам өмір сүреді. Олардың дені, 5 миллиардтай халық, кем дегенде 10 миллион адам сөйлейтін 85 тілдің бірінде сөйлейді. Қалған 2 миллиардқа жуық адам 6800 тілдің бірінде сөйлейді.

Онлайн вебинар соңында «Статистикалық мәліметтен шағын тілдердің бірнешеуі сөйлеушілерінен тез айырылып келе жатқанын және ол көп ұзамай жойылып кетуі де мүмкін екенін, көптеген тілдердің әлсіреуі байқалып, алдағы уақытта құрып кету қаупі төніп тұрғанын аңғарған боларсыз?! Осы тақырыптарға толығырақ тоқталып, әр тілдің ерекшеліктері, айырмасы және ұқсас тұстарын айта кетіп, тиісінше мәлімет беруге тырысқан Торе Янсонның (Tore Janson) «Тіл тарихы» (The History of Languages) атты еңбегін оқуға кеңес береміз»,-деді «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының ФИ 18 3К3 тобы студенттері.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*