Шымкент қаласында осы жылдың қыркүйек айында 300 орындық өнер мектебі пайдалануға беріледі. Бекет батыр мен Ташенова көшесінің қиылысында орналасқан білім мекемесінің құрылысы қызу жүргізілуде.
Қазіргі таңда екінші қабаттың плита жабындылары мен бірінші қабаттың сыртқы қабырғалары газоблокпен 100 пайызға қаланған болса, бөлмеаралық қабырғалардың іргетастарын құю жұмыстары жүргізілуде.
Аталмыш өнер мектебінің құрылыс жұмыстарымен бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып танысты. Ғимаратты аралау барысында қала басшысы мердігерге құрылысты көрсетілген уақытында аяқтап, сапаға баса назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, сала мамандарына тәрбие ошағы нысанының алдына автотұрақ мәселесін де қарастыруды айтты.
Айта кетейік, өнер мектебінде музыкалық сабаққа арналған сыныптар, дайындық бөлмесі, концерт залы мен мүгедектерге арналған техникалық үй-жайлар, хорға арналған сыныптар, дыбыс жазу студиясы және медпункт пен асхана қарастырылған.
Жобаның жалпы құны 622 072,6 мың теңгені құрайды. Құрылысын мердігер мекеме «РСУ-1» ЖШС-гі жүргізуде.