Шымкент қаласына кіреберістеріне орналасқан блок-бекеттер жұмысын жалғастырады.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн-брифингте мәлім етті.
– Блок-бекеттер мәселесі бойынша тұрғындардан көптеген сауалдар келіп жатыр. Дегенмен, елімізде 11 мамырда төтенше жағдай алынғаннан кейін тұрғындар арасында карантин талаптары тиісті деңгейде сақталмауы салдарынан Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны күрт өсті. 11-18 мамыр аралығында күніне ең жоғарғы көрсеткіш 77 адам болды немесе өсімі 28,8% құрады.
Осы блок-бекеттерде сырттан келген 8 азаматтан коронавирус инфекциясы анықталды. Сондықтан Шымкент қаласына кіріп-шығатын жолдарға қойылған блок-бекеттердің жұмысы жалғасады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, қалада санитарлық тексеру жұмыстары күшейтіліп 4 136 нысанда мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 127 әкімшілік шара көрілді. Оның ішінде, 65 ескерту, 43 айыппұл, 19 әкімшілік қамауға алынды.
Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі, қалада 30 мыңнан астам медицина мамандары мен полиция, әскери қызметкерлері тынымсыз күндіз түні аянбай еңбек етуде. Алайда, мемлекеттік ұйымдардың күшімен ғана вирусты еңсеруге болмайды. Сондықтан, қоғам болып қоғамдық орындарда маскалық режимді сақтау, қолды жиі жуу, антисептик қолдану, қарапайым санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажет.