ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚАЙТА АШЫЛҒАН КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдайдан кейінгі кәсіпорындардың жұмысымен танысу мақсатында Қазақстандағы ең ірі «Бал Текстиль» отандық кілем өндіруші фабрикасын аралап көрді.

Жобалық құны 11 миллиард теңге инвестиция жұмсалған кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 миллион шаршы метр кілемді құрайды. 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін зауыт полипропиленді жіптерді де шығарады. Бүгінде Қазақстан кілемдері Германия, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады. «Бал текстиль» кілемдері сапа жағынан Бельгия және Германия елдерінің өнімдерінен кем түспейді.

Бұдан бөлек, әкім жалпы инвестиция құны 1 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын «Әлем БТ» ЖШС қазақстандық шұлық-тоқыма зауытына барды. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 20 миллион жұп өнімді құрайды. Ерлер, әйелдер мен балаларға арналған 200-ден астам шұлық өнімдерінің ассортиментін шығарады. Іске қосылған сәттен бастап «Әлем БТ» отандық фабрика өнімдері қазақстандық тұтынушылардың сеніміне ие болды.

Сонымен қатар, Мұрат Дүйсенбекұлы таза былғарыдан аяқ киім шығаратын «СП «LuxShoes» ЖШС-нің де жұмысымен танысты. Мұндағы өнімдер итальяндық технология бойынша заманауи түрік жабдықтарында шығарылады. Тауарларын жергілікті нарыққа шығаратын кәсіпорын жылына 120 мың жұп аяқ-киім шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, қала басшысы мақта иірімжібін өндіретін «Azala Cotton» фабрикасында болды.

Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті екенін айтқан әкім кәсіпорын басшыларына карантиндік шектеулерді қатаң сақтауды айтты.

Аталған аймақта бүгінгі таңда құны 29,9 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 1 630 жаңа жұмыс орындары құрылған. Оның ішінде 2020 жылдың ақпан айында «СП «Lux Shoes» ЖШС-нің аяқ киім табандарын шығару жобасы іске қосылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін «B.A.E.R.» ЖШС – Дәкеден таңу материалдар өндірісі жобасының жүзеге асырылуы жоспарлануда.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*