Әл-Фараби шығармашылығындағы көрнекті орын алатын тәрбие мәселесі. Ол өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында тәрбие туралы сөз ете келіп, оған нағыз ғылыми анықтама берді:
«Тәрбиелеу дегеніміз халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз»;
«Тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына білімге негізделген қасиеттерден тұратын іс-әрекеттер дағдысы сіңіріледі»;
«Этикалық ізгіліктерді – білім, тәрбие арқылы дарыту керек, сол арқылы адам игілікті істерге талпынады».
Әл-Фарабидің «Философияны үйрену үшін алдымен нені білу керек?», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Азаматтық саясат» атты трактаттарында: ұстаз қандай болу керек, ұстаз бен шәкірттің ара қатынасындағы психологиялық мәселелер туралы көп айтылған. Ғұлама бабамыздың түсінігінше ұстаздар да, қала басшысы да тәрбиелік қызмет атқаратын адамдар: «Ұстаз баланы тәрбиелесе, қала басшысы барша халықты тәрбиелейді. Олай болса екеуі де «Сегіз қырлы, бір сырлы» халыққа қай жағынан болса да үлгілі адамдар болуы тиіс», — деді.
Әл-Фараби «Нағыз тәрбиеші ұстаздың бойында он екі тума табиғи қасиет және алты жүре дарыған қасиетті меңгерген дана адам болу керек», — дей келіп, оның мынадай сипаттамасын береді: «.. өнер-білімге құштар; — мүшелері мүлде мінсіз; — жаратылысынан өзіне айтқанның бәрін жете түсінетін; — өзі естіген, көрген, түсінген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз; — өткір сөз иесі және ойына түйгенінің бәрін анық бере алатын; — тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұқбат құруға қанағатшыл; — жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын; — жаратылысынан игі істерге ынтызар; — әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін; — жақындарына да жат адамдарға да әділ — пасықтық атаулығы мүлде рақымсыз; — қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек; — бойына туа біткен он екі, сондай-ақ өмір барысында жүре қалыптасатын алты қасиетке ие болған, бұларды бір-бірімен сәтті ұштастырған адам ғана нағыз ұстаз, жұртқа жақсы басшы бола алады», — дейді.
Әл-Фараби болашақ мұғалім даярлауда ең алдымен еңбек етуге тәрбиелеу ең басты — қасиет деп санайды және еңбекті бірнеше түрге бөліп көрсетеді. Олар: адал еңбек, пайдалы еңбек, халықтық еңбек, көпшілік еңбек, бірлескен еңбек. Ол жастарды халықтық еңбекпен айналысуын жөн көрді, және мынадай өлең жолдарын да арнады: Халықтың қамын жесең, таза еңбек ет, Дәстүрді ұста, көксеген мұратқа жет. Болашаққа апарар бірақ жол бар, Білім, еңбек, тәрбие, ол – парасат.