Шымкент – Үшінші мегаполис атанып, республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болып, жеке дамуын айқындап алғалы бері қалада руханият саласына қатысты бірқатар жобалар атқарылып жатыр.
2020 жыл – ТМД елдерінің мәдени астанасы жылында жоспарланған іс-шаралар коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілді. Тағы басқа көптеген іс-шара оффлайннан онлайнға өткізілді. Сонымен Шымкентте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қандай іс-шаралар атқарылды, алдағы жоспары қандай? Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Зәуре Оралбаева «Руханият – елдіктің ұстыны» атты онлайн-сұхбатта айтып берді.
«ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан «Рухани Жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» құрылған. Рухани жаңғыру бағыттағы, ондағы жобалардың сапалы іске асыруылуы іс-шаралардың халықтық сипатқа ие болуының бірден-бір үйлестірушісі және басы-қасында тұратын осы институт болып табылады. Бұл институтпен өңірлердегі «Рухани жаңғыру» бөлімдері тығыз байланыста жұмыс істейді. Күнделікті болмаса да күнара бір-біріміздің жоспарларымызбен алмасып, алға дамуымыздың негізгі ұстанымдарын белгілеп отырамыз. Өздеріңіз білетіндей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі алты бағыты бар. 2020 жылы мемлекеттік хатшының қойған үлкен тапсырмасына сәйкес, жоспарларымыз алдағы уақытта үш бағытта дамиды»,-дейді Зәуре Оралбаева.
— Бұл ретте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының негізінде тұлғаны дамыту дегеніміз, сананың ашықтығы, бәсекеге қабылеттілік, прагматизм сынды жобаларды негізге ала отырып, көп тірлік жасауымыз керек. Қазақстандық кез келген азамат, мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын, барлығының санасын жаңғырту арқылы, бүгінгі болып жатқан кез келген өзгеріске, кез келген бастамаға қолдау білдіруге ниет болу керек. Мысалы, көшеде екі адам сөзге келіп жатса, үшінші адам жай ғана өтіп кетпеуі керек. Бәлкім, сол екі адамның бірі жақсы шешім айтып тұрған шығар. Ал екіншісі күрделі жолды таңдап тұрған болар. Екі адамды тыңдап, пікіріңізбен бөліссеңіз, сананың жаңғыруы деп осыны да айтсақ болады. Бұл қоғамда өмір сүріп жатқанымыз және осы қоғамның мүшесі болғандықтан рухани тұрғыда, адами тұрғыда бірге екенімізді білдіруіміз керек. Бір сөзбен айтқанда тұлғаны дамыту – адамның қалыптассуына қажетті бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Екінші бағыт: ол – ұлттың дамуы. Ұлттың дамуы дегенге негіз болатын бірден-бір бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау. Үшінші бағыт – мемлекеттің дамуы. Бұл революциялық емес, Қазақстанның эволюциялық даму бағытын яғни мемлекеттік қоғамдастық, азаматтық қоғам институтының тығыз байланысын негізге ала отырып дамуды білдіреді.
Біз «азаматтық қоғам құрамыз» деп осыдан 15 жыл бұрын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын барынша дамыту арқылы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды көздеген еді. Қазіргі кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында азаматтық қоғамның барынша дамуы, азаматтық қоғамды жан-жақты дамыту бірден-бір мақсат болып отыр. Азаматтық қоғамы дамыған ортада көптеген түйткілді билікке иек артпай-ақ, азаматтардың өзі шешуіне мүмкіндік болады. Бұл шын мәнінде қол жеткізе алатын мүмкіндік. Елдің тәжірибесінен де байқауға болады,-дейді Зәуре Оралбаева.
2019 жылы Шымкент қалалық Тілдерді дамыту орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 60-тан астам іс-шара өткізіліпті. Қазақ тілін латын графикасына көшу үдерісіндегі бірқатар өзгерістерді, ондағы проблемаларды ғалымдармен бірге отырып, талқыланыпты. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-да үлкен конференция, тіл жанашырларымен кездесулер болды. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады. Себебі, бұл да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы негізгі жобалардың бірі екен.
— «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы негізінде де студент жастар мен мектеп оқушыларының арасында біраз пікірсайыс өтті. Бүгінгі таңда 100 жаңа оқулықтың 78-і жарық көрген. Бұл кітаптар қаламыздағы барлық кітапханаларда және жоғары оқу орындарының кітапханаларына таратылған. Қазір сол оқулықтармен студенттер, ұстаздар танысып, жұмыс істеп жатыр. Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығымен бірге 2 үлкен іс-шараны жоспарлап отырмыз. Бұл сол орталықтың жоспарлы іс-шарасынан бөлек өтеді. Соның бірі – «Абай даналағы – халық мұрасы» деп аталатын танымдық композициялық кеш. Бұл – жылда өткізіліп, дәстүрге айналып келе жатқан іс-шара. Дегенмен Абай атамыздың туғанына 175 жылдығына орай кең көлемде өткізіледі. Тамыз айына жоспарлап отырмыз. Ешбір арнайы шақырылған әртістер болмайды. Абайтануды негізге алып, мақсат тұтқан бірқатар азаматтар Абайдың қара сөздерін, туындыларын, шығармаларын, өлеңдерінен керемет зерттеулер жасап, соны көпшілік назарына ұсынады.
Содан кейінгі үлкен жоба «Рухани Жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтымен» бірге өткізіледі. Бұл жоба «Үздік практикалар кітабы» деп аталады. Сол кітапқа енген келесі бір жоба – еріктілермен жұмыс. Биыл арнайы құрылған клубтардың негізгі белсенділері еріктілердің қолдауымен және қатысуымен үлкен іс-шара ұйымдастырмақпыз. Бұл да биылғы мерейтойларға байланысты болмақ. Ерікті жастарымыз Жеңістің 75 жылдығына тамаша бастаманы қолға алды. Бұл – ардагерлеріміз туралы тың мәліметтерді жинақтау. Көзі тірі, өмірден өткен ардагерлеріміз туралы деректерді бір арнаға топтастыру. Бізде арнайы іздеумен, із-түзсіз жоғалған боздақтардың тарихын ары қарай зерттеумен айналысатын ұйымның жұмысына көп азаматты шақырып жатыр. Бұған Шымкенттік ерікті жастар үн қосады. Олар бұл жұмысты бастады. Әрмен қарай да жалғасады,-дейді Зәуре Оралбаева.