1 маусым- балаларды қорғау күніне орай Шымкенттегі Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының қызметкерлері Төлеби ауданы, «Тау самалы» шатқалында орналасқан «Балдаурен-Шымкент» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барып қайтты. Топан су апатынан зардап шеккен балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған іс-сапар «Мақтаралға мейіріммен!» шара аясында өткен. Орталықта халқымыздың ұмыт бола бастаған ұлттық ойын түрлерінен «Ұлттық ойын — ұрпақты шыңдайды» тақырыбында балалар арасында сайыс ұйымдастырды. Сайыс барысында демалушы балалар – аңыз-әңгімелер мен ырым-тиымдардың шығу тарихынан, тоғызқұмалақ, «арқан тартыс», «бұқа тартыс», «асық ату», «асау мәстек», т.б. ұлттық ойын түрлерінен жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп сайысқа түсті.
«Балаларға мақсат қоюды және сол мақсатқа жету жолдары туралы қай жастан, қай сыныптан бастап айту керек? 5-6 сыныптан деп айтып жатады немесе ол туралы айтуды түсінік қалыптастыруды мүлдем ойламайтындар бар. Мақтаралдық балалармен кездесуге барған осы жолғы сапарда бір нәрсеге көзіміз жетті.Егер түсіндіретін болсақ, бала алдына мақсатты 3-4 сыныпта жүріп -ақ бойына сіңіре береді. Және бір сүйсінгеніміз балалар басты құндылық дегенде МЕЙІРІМ, АДАМГЕРШІЛІК, ҚАНАҒАТ деген сөздерді көп айтады… Балаға түсінікті болу үшін баланың тілінде сөйлеу керек. Мақтаралдық балалар бүгін ауылдарына жолға шықты»,-деді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Бейсенкүн Нарымбетова.
Сайысқа түскен жас жеткіншектердің қызығушылығы мен белсенділіктерінде шек болмады. Себебі, ұмыт бола бастаған ойын түрлері өте қызық, әрі тәрбиелік маңызы зор. Сайыс соңында жеңімпаздарға орталығымыз тарапынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.