ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРЫЛҒАН ОТБАСЫ КЕҢЕСІ АРҚЫЛЫ АЖЫРАСУ КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕНДЕГЕН

Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Ж.Қалтаев баяндады.

Оның айтуынша, республикада алғаш болып ажырасудың алдын алу мақсатында Абай аудандық сотының базасында «Отбасы кеңесі» жұмыс тобы құрылып, нәтижесінде ажырасуға өтінім берген азаматтардың 47 пайызының отбасы сақталып қалған.

«Кеңестің 46 отырысы ұйымдастырылып, ажырасуға ниет білдірген 412 отбасының мәселесі қаралды. Соның ішінде 154 жұп медиация әдісімен татуластырылып, 47 азаматтың неке бұзу бойынша ұсынған талап-арызы кері қайтарылды. Жобаны ағымдағы жылы 4 ауданға да енгізуді көздеп отырмыз»- деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысы Шымкент қаласында өткен жылы 108 бала баспанамен қамтылып, республика бойынша алғашқы үштікке енгенін атап өтті. Ал, биыл 48 жетім бала баспанамен қамтылған. 46 тәрбиеленуші түлек жоғары және орта арнаулы оқу орындарында тегін білім алып жатқанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жариялануына орай, қалада «Шымкент волонтерлар қауымдастығы» құрылған. Олармен «Жанға жылу» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, 12 245 әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға тұрмысқа қажетті азық-түлік себеті үлестіріліп, 333 отбасыға қажетті дәрі-дәрмек жеткізілген.

Сондай-ақ, пандемия кезінде полиция сақшыларына көмекке, Мақтааралдағы су апатында зардап шекккендерге көмек көрсету кезіне де волонтерлар жұмылдырылған. Банктерде санитариялық нормаларды сақтауға көмектесіп, банк басшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болған.

Жиынды қорытындылаған Мұрат Дүйсенбекұлы: «Мемлекеттің негізгі тірегі – отбасы. Әрбір азамат отбасының құнын да, құндылығын да терең сезінуі тиіс. Оны сақтап қалу мен жетілдірудің мемлекет ұсынған мүмкіндіктерін пайдалана білуі қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды кеңінен насихаттауды тапсырамын» — деді.

Сонымен қатар, қала әкімі қауіпті дерт жайлаған қысылтаяң шақта ерікті түрде қауіпке қарай қадам басқан волонтерлар еңбегін ерекше бағалады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*