ШЫМКЕНТТЕ 30 ГА ЖЕРГЕ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

Шымкентте жаңадан құрылған агро-индустриалды аймақта жалпы инвестиция құны 5,5 млрд. теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде жаңадан 500-ден астам жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, құрылыс барысында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы бүгін қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалық етуімен өткен жиында ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбеков мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы бағытындағы аталған аймақтағы жобаларды сәтті жүзеге асыру мақсатында екі кезеңді қамтитын жол картасы дайындалған.

«Жол картаға сәйкес бірінші кезеңде агроиндустриалдық аймақта 30 га өнеркәсіптік жылыжай кешенін салушы инвесторларға жер үйлестіруге қажетті құжаттары жинақталды. Өз кезегінде, жеке инвесторлар жылыжай кешенін салу жобаларын 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделуде. Ал, екінші кезеңнің жобалары 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын болады»,-деді басқарма басшысы.

Осы ретте, қала басшысы агро-индустриалды аймақты дамыту арқылы қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылық өнімдерінің импортталуын азайту қажет екенін айтты.

«Агро-индустриалды аймақтарды құрудағы басты мақсат – қаламыздың инвестициялық мүмкіндігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласында инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Жобада ауыл шаруашылығы саласын дамытып, аграрлық секторды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру көзделіп отыр, сондықтанда тиісті ұйымдастыру жұмыстарына қарқын беру керек»,-деді М.Әйтенов.

Агро-индустриалды аймақтың негізгі артықшылықтары: инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды шаруаларға тегін жеткізу, кәсіпкерлерге субсидия алуға қолдау көрсету, өнімді тасымалдау мен сақтауды ұтымды ұйымдастыру.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*