КАРАНТИН: 5 ШІЛДЕДЕН БАСТАП 14 КҮНГЕ ҚАТАҢ ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛДІ

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Бұл жиында еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мәселесі қаралып, қатаң шектеу шаралары енгізілді.

Аталған шектеу шаралары бойынша баяндаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде 5 шілдеден бастап 14 күнге келесі шектеу шаралары енгізілетінін жеткізді.

Көлік қатынасы бойынша:
1. Елдер тізімін көбейтпей, халықаралық әуе қатынасын сақтау;
2. Өңірлер арасындағы әуе қатынасын, темір жол қатынасын сақтау (шектеулермен);
3. Өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасын уақытша тоқтату;
4. Қоғамдық көліктің жұмысын уақыт бойынша шектеу.

Азаматтардың жүріп-тұруы бойынша:
1. Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салу;
2. Ашық ауада жаттығулар жасауға рұқсат ету;
3. Тұрғындардың көшелерде, саябақтарда, скверлерде 3 адамнан артық серуендеуін шектеу;
4. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуын шектеу.

Мына нысандардың қызметіне тыйым салу керек:
1. Сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандар және т.б. (СОСО-дағы ойын-сауық орталықтары, ойын-сауық нысандары (караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг орталықтары), кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдары);

2. Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80%-ның қашықтан жұмыс істеу режимін сақтау;

3. Алдын ала жазылу бойынша медицина орталықтарының қызметін сақтау;

4. Дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың қызметін сақтау;

5. Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, келесі нысандардың қызметін сақтау: ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары; үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары; ашық ауадағы құрылыс жұмыстары; ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары; халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде авто жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, ХҚКО-лар, екінші деңгейлі банктер (уақыт бойынша шектеу енгізумен).

Мемлекеттік комиссия соңында Үкімет басшысы А.Мамин еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың алдағы уақытта қалай өзгеретініне байланысты бұл шектеу шаралары екі аптаға ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін екенін айтты.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*