ШЫМКЕНТТЕ ДЫБЫС КҮШЕЙТКІШ ҚҰРАЛЫ АРҚЫЛЫ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Әлемді алаңдатып отырған коронавирус індетіне байланысты Шымкент қаласында сақтық шаралары барынша күшейтілуде. Қауіпті індеттің алдын алу бағытында халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Бұл ретте, Шымкент қаласының әкімдігі құзырлы орган қызметкерлерімен бірлесіп, адам қарасы көп жерлерде дыбыс күшейткіш құралдың көмегімен COVID-19 ауруынан сақтану бойынша ақпараттар беруде.

Осыған байланысты, «Шымкент Сити» шағынауданындағы 9 қабатты 16 тұрғын үйдің ауласында қауіпті індеттің алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ түсіндірме жұмыстары қаланың өзге де шағынаудандарында жалғасуда. Атап айтсақ, «Тұран» шағынауданындағы 9 қабатты 13 және 5 қабатты 16 тұрғын үйдің ауласында, «Адия» шағынауданындағы 5 қабатты 15 тұрғын үйдің ауласында және Төлеметов көшесінің бойында орналасқан 7 қабаттық 16 үй, 9 қабаттық 9 үй, 5 қабаттық 10 тұрғын үйдің ауласында COVID-19 ауруынан сақтану шаралары тұрғындарға жан-жақты түсіндірілді.

Бұл ретте, медицина мамандары қала тұрғындарына қатерлі індеттің әлі де қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді. Сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тағамдану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады.

Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінде 3594-ке жетсе, жазылып шыққандар саны 717 адамды құрайды. Жалпы елімізде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны – 49 мың 683.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*