Шымкент қаласына Ресей, Өзбекстан, Белоруссия, Украина және Үндістан елдерінен жұқпалы ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер келіп түсті.
Сондай-ақ, 4 млрд теңге ($10 миллион) сомаға келісім-шарт жасалған фармацевтикалық өндірушілерден тікелей қала аумағына жүк ұшағы мен үш жүк көліктері келді.
Шымкент қаласына дәрілік препараттарды тасымалдауға рұқсат етілген сегіз компания жеткізді. Атап айтқанда: «Левофлоксацин», «Цефтриаксон», «Дексеметазон», «Аскорбин қышқылы» және басқа да препараттардың 20-дан астам түрі әкелінді.
Аталмыш жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес,ел халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп отыр.
Дәріханаларға келіп түскен дене қызуын төмендететін және вирусқа қарсы препараттар ЖРВИ, COVID-19, пневмонияны емдеуге арналған.
Шымкентке Өзбекстан Республикасынан дәрі-дәрмектерді бес компания жеткізіп отыр. Сонымен қатар, «Ақниет» компаниясы дәрі-дәрмектің — 14 түрін, «Зерде» — 10, «Аптека-5»- 8, «Қойбағаров» ЖК — 9, «Отау Мед» — 23 түрін жеткізді.
Қазіргі таңда, келіп түскен дәрі-дәрмектер қаланың ірі дәріханаларына толық жеткізілді. Бүгінгі таңда, дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша жұмыстар тұрақты тұрақты жүргізілуде.