Шымкентте қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығының еріктілерінен құралған топ пандемия деп жарияланған коронавирустың алдын алу үшін 1000 дана медициналық маска таратты.
Жастар қала тұрғындары мен көше бойындағы қоғамдық жұмыста жүрген қызметкерлерге, аялдамаларда тұрған көпшілік қауымға карантин талаптары жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізіп, қоғамдық орындарда маска тағу қауіптің алдын алудың алғы шарты екенін түсіндірді.
Аталмыш акция келесі күні де жалғасын тапты.
Бұл жолы еріктілер қала саябақтары мен аялдамаларында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, қаламыздағы бірнеше дүкендер желісінде арнайы себеттермен маскалар қойылды.
Еске сала кетейік, 2020 жыл елде «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өткен еді.
Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығы жанынан құралған «Еріктілер клубы» 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда 500-ден астам азамат еріктілер қатарына қабылданған. Олар шаһардағы барлық салаға атсалысады.