СУ АЙДЫНДАРЫНДА ОҚЫС ОҚИҒА ТІРКЕЛМЕГЕН

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушысы, полковник Е.Бахаев пен Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары басшысының уақытша міндетін атқарушысы Қ.Арслановтың қатысуымен қаламызда енгізілген карантин уақытында суға шомылу маусымы мен өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша баспасөз брифингі өтті.

Брифингте ең алғаш сөз алған Ерғали Жарасбекұлының айтуынша, Шымкент қаласында шомылуға рұқсат берілген бес демалыс орны бар. Бұл су айдындарында жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

– Карантин енгізу кезеңінде адамдардың жаппай демалатын барлық орындарының қызметі тоқтатылуына қарамастан, қаладағы «Тоңазытқыш» демалыс аймағы, «Рахат Бадам» демалыс аймағы, Қошқар ата өзенінің бастауы (бұлақ), Шымкент мемлекеттік дендрологиялық паркіндегі көл және «Жайлаукөл» демалыс аймағында үгіт жұмыстарды белсенді түрде жүргізілді. Яғни, бірлескен рейдтер мен ат патрулі ұйымдастырылып, билбордтар, тыйым салатын белгілер орнатылды. Одан бөлек, жадынамалар мен парақшалар таратылуда. Нәтижесінде, қалада бүгінге дейін су айдындарында қаза болу оқиғасы тіркелген жоқ. Сондай-ақ, суға шомылу маусымы басталғаннан бері Шымкент қаласы ТЖ департаменті Жедел-құтқару жасағының құтқарушы-сүңгуірлері Түркістан облысында 21 рет іздестіру жұмыстарын жүргізді. Судан 16 батып кеткен адамның, оның ішінде 3 жасөспірімнің денесін алып шықты. Барлық жазатайым оқиғалар шомылуға тыйым салынған жерлерде болған, – деді Е.Бахаев.

Аталған брифингте өрт қауіпсіздігін тексеру кезінде 124 ереже бұзғандар анықталып, 780 мың қаржы өндірілгені белгілі болды.

– Өрт сөндіру барысында өрт сөндірушілердің кешігіп келуі жайында көп сұрақтар туындап жатады. Осы бойынша түсініктеме берсем деймін. Жалпы, қалада өрт бойынша көмек сұрап хабарласқан қоңыраулардың барлығы 101 нөмеріне түседі. Төрт ауданда 9 өрт сөндіру бөлімі бар. Барлығы заманауи техникалармен қамтылған және қызметкерлер жеткілікті. Кез келген хабарлама түскенде мекен жайын анықтауға бір минут уақыт кетеді. Ал оқиға орнына бару кезінде қала көлемінде 45-50 км жылдамдықта жүреміз. Өйткені салмағы 20 тоннадан жоғары техниканың одан жылдам жүруі қауіпті. Есептеп айтсам, еш кедергілер болмаса 5 шақырым қашықтыққа 7 минутта жетеміз. Бұл ретте бізге қай жолмен жүру керек екенін арнайы диспетчерлік мамандар бағыттап отырады. Ал су мәселесіне келсем, оқиға орнына жете салып, бірден су шаша алмаймыз. Себебі техникалық қауіпсіздікті сақтауымыз керек. Кез келген нысанда электр тоғы болады. Егер ол 220 киловатқа дейінгі тоқ көздері болса, өзіміздің мамандар ажырата береді. Ал одан да жоғары болса, арнайы мамандарды күтуге тура келеді, – деді Қуаныш Жораұлы.

Брифинг соңында Ерғали Жарасбекұлы қала тұрғындары мен қонақтарынан жаз маусымында өрт қауіпсіздігі мен шомылу ережелерін қатаң сақтануды сұрады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*