Биыл ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Осыған орай Түркістанда «Екінші ұстаз» туралы тарихи 10 сериялы телехикаясы түсіріліп жатыр. Бұл — Қазақстан ұлттық телеарнасымен біріккен жоба. Фильмді «САҚ» киностудиясы Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсіріп жатыр. Тарихи оқиғалар мен киелі орындарды қамтитын аталмыш фильм күз айларында көрермен назарына ұсынылады дейді фильм түсірушілер.
Бұған дейін түрлі фильм түсіріп, елге танылған «САҚ» киностудиясы бұған дейін 10 сериялы «Төле би» туралы тарихи фильмді көрермен назарына ұсынған еді.
— Фильм қыс, көктем, жаз мезгілін қамтиды. Біз Түркістанда қыс мезгілінде де түсірген едік. Содан соң Бәйдібек ауданындағы Аппақ ишанда түсірдік. Мына жерде түсірілімді аяқтаған соң Шәуілдірдегі Отырар төбеде жалғастыратын боламыз, — деді Б.Дәуренбеков.
Сценарийін жазған — Бақытжан Құлжабаев. Продюссері, «САҚ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев. Ал режиссері, жұрт көңілінен шыққан «Төле би» сериалын түсірген, бірнеше анимациялық фильмнің авторы Батырхан Дәренбеков.