Бүгінгі таңда Қаратау ауданында 47 мыңнан астам тұрғын үй бар. Оның 80,8 пайызы мемлекеттік қуат көзіне қосылған. Ал, қалған 19,2 пайызы жекеменшік трансформатордан қуат алады екен. Қазірде Қаратаудағы бірнеше шағын ауданда электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нақтырақ айтар болсақ, Достық шағын ауданындағы электр желілерінің құрылысына 2019 жылы бюджеттен 400 млн тг қарастырылып, жұмысы басталған болатын. Биыл тағы 240,6 млн тг бөлініп, электр бағаналары орнатылып жатыр. Жалпы жоба құны 848,1 млн теңгені құрайды.
Мердігер «КазАльфаСтрой» компаниясы электр желісін келер жылдың қараша айында құрып бітіруі тиіс. Нәтижесінде, 47 км желі және 13 дана КТП орнатылатын болады.
Мұнан өзге, Тұран шағын ауданында электр жарығы құрылысына биылдың өзінде 256,3 млн тг қарастырылып, «АБМ Билдинг» ЖШС-ы тарапынан жұмыстары басталды. Жалпы құны 2 млрдтан асатын жоба 2021 жылы қараша айында қолданысқа беріледі.
Ал, Асар-2 шағын ауданындағы электр желілерінің құрылысына 2019 жылы бюджеттен 700 млн тг қарастырылған. Биыл болса, 474,8 млн тг бөлініп, құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр. Құны 1 млрдтан асатын қуат желісін «Ремстрой Алматы» компаниясы осы күзде салып бітуі қажет.
Мұнан бөлек, Қаратау ауданындағы Тассай, Азат, Қайтпас шағын аудандарында да электр бағаналарын орнату жұмыстары жүріп жатқанын айта кеткен жөн.