Әлеуметтік желіде Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы аллеяда күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқаны жайлы ақпарат кеңінен тараған болатын. Осыған орай, бұл мәселеге қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жауап берді.
Шыңғыс Жұмабекұлының айтуынша, «Шәмші аллеясы» 2006 жылы салынған. Ал, 2011жылы демеушілердің көмегімен гүлзардың орталық бөлігіне сахна, жаяу жүргіншілер алаңы, «жұлдыздар аллеясы» құрылған.
Соңғы жүргізілген анықтау жұмыстарының нәтижесіне орай, гүлзар ішіндегі жаяу жүргіншілер жолының 80 пайызынан астам плиталық төсеніштері жөндеуді қажет ететіні және сахна айналасындағы су бұрқақтың жабындары, темір бүріккіштері (коррозия салдарынан шірігені), жасыл желектерді суғару жүйелерінің жарамсыз болғандығы, демеушілер қаржысына салынған түнгі жарық шамдарының жер асты кабельдерінің үзіліп, талапқа сай күтіп ұстау жұмыстарын атқару мүмкін еместігі белгілі болған.
«Сол себепті, 2019 жылы Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан «Шәмші әлемі» гүлзарын абаттандыру жұмыстарының сметалық құжаттары әзірленіп, ұсынылған. Жоба құны 207,0 млн теңге. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуші бас мердігер — «Шымкент спец.комплекс» компаниясы. Жоба бойынша плиталық төсеніштерді толықтай жаңарту, суғару жүйесін алмастыру (тік ұңғыма қазу), қосымша көркейту элементтерін орнату және өзге де жұмыстарды атқару жоспарланған. Бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен республикалық қазынадан 207 млн теңге қаржы бөлінді. Мұнда қазір 52 азамат жұмыс жасап жүр. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталып қалады. Сондықтан ақшаның жоқ кезінде жаңа аллеяны бұзып, қайта салды деген түсінік болмауы тиіс. Бұл қаржыны бөлудегі түпкі мақсат, жергілікті жерде жұмыс орындарын ашу», — дейді Шыңғыс Мұқан.
Бүгінде жауаптылар жөндеу жұмыстарын 3 аймаққа бөлген. Алғашқысы «Шәмші аллеясы», неке сарайы және көл аумағы. Алайда үш аумақ та жөндеуді талап етеді. «Шәмші аллеясында» төсеніштер алмастырылып, жұлдыздар аллеясы мен қолданыстағы ескерткіштер өзгеріссіз қалады.
Жалпы биыл қаланы абаттандыру мақсатында, осы жұмыстармен қатар, «Чернобыль» гүлзарын абаттандыру, «Әл-Фараби алаңындағы гүлзарды» абаттандыру, Қажымұхан атындағы стадион аумағындағы «Спорт» станциясын абаттандыру және Қайтпас -1 шағын ауданын, Қасірет шатқалын көгалдандыру жұмыстары жоспарланып (5 жоба), құрылыс жұмыстары басталған.