ШЫМКЕНТТЕ АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Шымкентте Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен қалалық мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, олар Абай мұражайында болып, танымдық экскурсия жасады. Артында өшпес мұра қалдырған ойшылды өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеу мақсатында 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында саябақ алдына ескерткіші орнатылған болатын.

Бұдан өзге, Шымкентте Абай Құнанбайұлының есімі берілген 1 аудан, 1 даңғыл, кітапхана, мұражай, саябақ бар.

Нақтырақ айтқанда, 2004 жылы «Шымкент қаласында аудандар құру туралы» Шымкент қалалық мәслихатының шешімі және әкімдік қаулысымен Абай ауданы құрылды. Ауданның аумағы 50 мың гектарға жуық. Бүгінде онда 323 мыңға жуық тұрғын қоныстанған.

Ал, ұзындығы 2 шақырымға созылатын даңғылға Абай есімі 1990 жылы берілді.

Сондай-ақ, 1964 жылда құрылған қалалық орталық кітапханаға 2005 жылы ҰР Үкіметінің қаулысына сәйкес Абай есімі берілді.

Шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнына айналып үлгенген қазіргі Абай саябағы — 1967 жылы «50 лет Октября» саябағы болып ашылған болатын. Ол 1991 жылы 23 мамырда данышпан ақын Абайдың есіміне өзгертілді. Онда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аллея, үлкен даңқ мемориалы, субұрқақ, шағын сәулет нысандары және мерекелік іс-шаралар өткізуге арналған сахна бар.

Сонымен қатар, 2009 жылдың 22 қыркүйегінде Абай саябағынан Хакім Абай мұражайы ашылды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*