ШЫМКЕНТ ӘКІМІ «SHYMKENT» ӘКК» АҚ ЖҰМЫСЫН СЫНҒА АЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен қаладағы әлеуметтік саладағы құрылыс мәселесі жөнінде жиын өтті. Онда салаға жауаптылар қазіргі таңға дейін атқарған жұмыстары жайлы қала әкіміне баяндады.

«Shymkent» ӘКК» АҚ төрағасы Бауыржан Канкиннің айтуынша, осы күнге дейін жоспарланған 66 жобаның 32-сі жүзеге асқан. Қалған 31 жоба жасалу үстінде екен. Ал 3 жоба нақтыланып жатыр. Оның ішінде, үй құрылысы – 9, білім — 9, денсаулық сақтау – 6, сауда нүктелері – 13, шағын және орта бизнеске қатысты – 6, өндіріс – 16, агро өнеркәсіп кешені бойынша – 7 жоба.

Қала басшысы аталғандардың ішінде ең бірінші білім және денсаулық сақтау саласына негізгі басымдылық берілу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, жиын барысында инвесторлар тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесін сөз еткен Мұрат Әйтенов, «Shymkent» ӘКК» жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

«Кәсіпкерлер менімен кездесу кезінде қағазбастылық жұмыстарына наразылықтарын білдіреді. Ондай жұмысты жеңілдету үшін бір терезе қағидаты бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсететін арнайы фронт-офис ашқан болатынбыз. Жергілікті кәсіпкерлердің сол жерде барлық сұрағы қанағаттандырылып, кәсібін бастауға толығымен көмек алуы қажет еді. Бүгінде аталған мекеме жұмысының нәтижесі көрінбейді» — деді ол.

Сондай-ақ, жиын соңында қала әкімі инвесторлар есебінен пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін жылына 1 млн шаршы метрге дейін ұлғайтуды, тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорымен бірлескен бағдарлама әзірлеуді, «1000 сауда орны» жобасын іске асыруды жеделдетуді тапсырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*