Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков 2020 жылы қаңтар-маусым айларында атқарылған жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді.
Береке Талғатұлының айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2020 жылғы қаңтар-маусым айларында 304,1 млрд. теңгені құрады.
– Бүгінде қалада инвестиция тарту негізгі басымдықтардың бірі. Инвестиция – ол жаңа жұмыс орындары және жаңа кәсіпорын. Бүгінгі таңда қалада қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша 129,5 млрд. теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 125,1% құрады (2019 ж. қаңтар-шілде – 103,5 млрд. теңге). Қала аумағында биыл 28 инвест жоба іске асырылуда. Оның негізінде 2000-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 25,9 млрд. теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылды, – деді басқар басшысы.
Басқарма басшысы негізінен өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Кәсіпорындардың негізгі мәселелеріне талдау жасау, инфрақұрылымның қолжетімділігі, жаңа инвестор тарту жұмыстарына назар аударылуда.