Шымкент қаласындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына “КАТКО» Қазақстан-француз бірлескен компаниясы 3 жасанды тыныс алу аппаратын тарту етті. Аталған компания атынан берілген бір аппараттың құны — 15 млн 250 мың теңге. Бұл медициналық аппараттар пневмония және коронавирус індетіне шалдыққан науқастарды емдеуде ең маңызды құралдардың бірі дейді мамандар.
«КАТКО-Демеу» корпоративтік қорының Бас директоры Тағабек Жанксиевтің айтуынша ИВЛ аппараттарын Оңтүстік Кореядан арнайы тапсырыспен алдырған.
« «Birgemiz» жобасын қолдау мақсатында осындай қайырымдылық шарасын ұйымдастырдық. Пандемия кезінде баршамыз жұмыла іс атқаруымыз қажет», — дейді кәсіпкер.
Аурухана бас дәрігері Ережепов Бақтығали ұжым атынан құрал-жабдықтарды медициналық мекемеге жеткізіп берген кәсіпкерге алғысын білдірді.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында пневмония және коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар ем алады. Бүгінде мұнда эпидемиялогиялық ахуалдың жақсаруына байланысты ауруханадағы төсек орындардың 80 пайызы бос тұр.