Шымкент қаласының шаруалары жыл басынан бері 73,6 млн. АҚШ доллары болатын ауыл шаруашылық өнімдерін әлемнің 11 еліне экспорттаған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырған ауыл шаруашылығы экспортының артқаны байқалады. Мәселен 2019 жылы 65,5 млн. АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері шетел нарығына шығарылған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мамандары мәлім етті.
Шымкенттен шыққан өнімдер Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ауғаныстан, Қырғызстан, Украина, Моңғолия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері және Қытайға жөнелтілген. Атап айтқанда, 72,3 тонна – ірі қара еті, 12,7 тонна – қой еті, 10,1 тонна – бал, 19,5 тонна – өңделген балық сыртқы нарыққа шығарылған. Сондай-ақ, картоптың – 25,2 мың, пияздың – 45,3, қырыққабаттың – 20, көкөністің – 558, жеміс-жидектің – 406,5 тоннасы жоғарыда аталған елдерге сатылды. Бұған қоса, 78,2 мың тонна – бидай, 4,5 мың тонна – арпа, 390 тонна – дәнді дақылдар, 6,1 мың тонна –майлы дақылдар, 110,6 мың тонна – ұн, 19,2 мың тонна – өсімдік майы, 986,1 тонна – макарон өнімдері және 74,5 тонна нан/кондитер өнімдері экспортталды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында бірінші жартыжылдықтағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 14.7 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға жоғары. Ауыл шаруашығы өнімі көлемінің өсу қарқыны бойынша Шымкент қаласы республика бойынша бірінші орында.