ҚАЛА ӘКІМІ М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚМУ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесті.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті — дамыған білім беру және зерттеу инфрақұрылымы бар көп профильді жоғары оқу орны. Мұнда бакалавриатта — 135, магистратурада — 143 және докторантурада 19 мамандық бойынша кадрлар әзірленеді.

Университет ұжымына шақыртуы үшін алғыс айтқан қала әкімі қазір терең логикалық ойлау қабілетіне ие, тың идеялар ұсынып, жаңа тұрпатты техника мен технология жасай алатын, жаһандану жағдайындағы сан құбылған еңбек нарығының талаптарына тез бейімделе білетін кәсіби кадрлар даярлаудың қай кездегіден де маңызды екенін атап өтті.

«Биыл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарын академиялық лигаларға бөлу жөніндегі бастамаға қолдау білдірді. Бірінші санатқа ғылыми зерттеу жүргізу әлеуеті жоғары, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті және өңір экономикасына ықпал ете алатын университеттер енеді. Сіздердің ғылыми инновацияларыңыз қаладағы әлеуметтік ортаның тартымдылығын арттырады және өңірдегі өмір сүрудің сапасын жақсартады. Біз Сіздердің экономиканың драйверіне айналатын кәсіптік университет ретінде даму мен жаңа технологиялық элитаны қалыптастыруға бағытталған стратегияларыңызды қолдаймыз. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Кездесу барысында әкім Боллон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық серіктес университеттермен халықаралық байланыс орнату, студенттер мен оқытушыларды шет мемлекеттерге оқу мен біліктілігін арттыруға жолдау және оқу бағдарламасына Боллон процесі қағидаларын енгізу мақсатында құрылған. 2019-2020 оқу жылында сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасына 74 студент, ал, ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасына 60 студент қатысқан.

Шәкірттер дамыған елдердің үздік университеттеріне жолданған. Атап айтқанда, олардың қатарында Германиядағы Хоф қолданбалы ғылымдар университеті, Испаниядағы Кадиса, Польшадағы Лодзин, Оңтүстік Кореядағы Сангмёнг және басқа да университеттер бар.

Орталықтың директоры короновирусты инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында студенттерді академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша өзге оқу орындарына жіберу тоқтатылғанын айтты. Пандемия басталардан бұрын кеткен студенттер де кері шақыртылыпты. Бүгінде шет мемлекеттерде университеттің студенттері жоқ. Пандемия аяқталғанға дейін академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқыту онлайн форматта жүргізіледі.

Мұнан кейін қала әкімі «Парасат» құқықтық мәдениетті қалыптастыру орталығының жұмысымен танысты.

Университеттің миссиясы сапалы, бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ол үшін студенттерге білімімен қоса тәрбие берілуі керек. Сондықтан «Парасат» орталығы университет қабырғасында адалдық, парасаттылық, жауапкершілік, ізгілік сияқты қасиеттерді дамыту мақсатында жұмыс істейді.

Сондай-ақ, әкім «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының және «Smart Square» студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысып шықты.

«SMART SQUARE» студенттерге қызмет көрсету орталығы — бұл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызмет көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігі үшін жағдай жасау, қызмет көрсетудің жоғарғы стандарттарын енгізу, сыбайлас-жемқорлық қауіптерінің алдын алу, білім беру сапасын арттыру және академиялық адалдық қағидаларын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған сервис орталығы.
Сонымен қатар қала әкімі «Университет ғылымын қала экономикасымен интеграциялау бағыттары» ғылыми жетістіктер көрмесін аралап, университеттің ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларының жұмысымен танысты.

Айта кетейік, бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 22 мыңнан астам студент, 532 магистрант және 142 PhD докторант білім алуда.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*