ШЫМКЕНТ ӘКІМІ 189 ОРАМДАҒЫ ГАЗ МӘСЕЛЕСІН БІР АЙДА ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ

Мұндай тапсырманы қала әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелерімен қашықтықтан қабылдау барысында энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына берді.

Онлайн қабылдау барысында Қаратау ауданының тұрғыны А.Айдаров 189 орамдағы газ мәселесін көтеріп, жарық пен ауыз судың жиі өшетіні туралы шағымын жеткізді.

Осы ретте, қала басшысы тұрғындар қызметтерге үздіксіз ақы төлейтінін айтып, салалық жетекшілерге электр жарығы мен ауыз суда тұрақты берілуі тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар, табиғи газдың ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін берілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Анықтама:
Шымкент қаласының табиғи газ көздерінің қуаттылығы АГРС-1, АГРС-4 «Шымкент» 180 000 м3/сағ құрайды. Ал бүгінгі таңдағы қаланың қажеттілігі — 250 000 м3/сағ құрап отыр. Жылыту маусымы басталған кезде қолданыстағы автоматтандырылған газ таратушы стансалары 100% жұмыс атқаруда.

Аталған мәселені шешу мақсатында, 250 000 м3/сағ құрайтын автоматтандырылған газ тарату стансасының (әрі қарай-АГРС-3) құрылыс жұмыстары «StroyGazCompany» ЖШС тарапынан жүргізілуде.
АГРС-3 нысанының құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айында аяқталса, Шымкент қаласында тұтынушыларды сапалы және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етуге болады.

Бұдан бөлек, қабылдауда тұрғындар жер, жол, қоғамдық көлік пен жұмыспен қамту туралы сауалдарын жолдады. Барлық сауалдарды мұқият тыңдаған әкім көтерілген әрбір мәселе бойынша қалада тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, рет-ретімен шешілетінін жеткізді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*