Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «HR-Process» білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі арқылы жұмысқа орналасқан педагогтармен кездесті. Кездесуге қалалық білім басқармасы басшысы Жанат Тәжиева, білім беру ұйымдары басшыларын тағайындау сатысында басшылық ететін комиссия құрамы, бірқатар мектеп директорлары мен аталған жүйе арқылы жұмысқа орналасқан ұстаздар қатысты.
Онда қала әкімінің бірінші орынбасары білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындауда да мейлінше ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам алдында бұл процесс үлкен сенімге ие болуы қажеттігін айтты. Сондай-ақ, автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесін одан әрі дамыту мен орын алған кемшіліктер жөнінде сөз қозғады.
«Кадрларды іріктеудің ашық және объективті жүйесі – білім саласына үздік мамандарды тартудың кепілі болады. Міне, 2 айға жуық уақыттағы қалыптасқан оң пікір осы жұмысымыздың жемісті болғанын көрсетіп отыр. Қала әкімінің тапсырмасына орай ендігі кезекте колледждер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерін жүйеге қосу және келер жылдан бастап педагогтарды аттестаттау жүйесін автоматтандыру қажет», — деді Шыңғыс Мұқан.
Бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқандардың бірі – Гүлнұр Сүлеймен. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар университетінің қызыл диплом иегері. Қытайдың Шанхай қаласындағы IS-China университетінің түлегі. Магистратураны үздік дипломмен бітірген. Гүлнұр Мырзабайқызы «HR-Process» жүйесі арқылы бос орындарға өтінім беріп, конкурс нәтижесінде №132 жалпы орта мектебінің ағылшын пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.
Айта кетейік, тамыздан бастап іске қосылған жүйеде жарияланған бос жұмыс орындарға үміткерлер тарапынан 2470 өтінім келіп түскен. Бүгінгі күні 460 бос жұмыс орнының барлығына комиссияның отырысы өткізілді. Комиссия отырысында 665 үміткердің 2328 өтініші қаралды (бір үміткер әртүрлі мектептерге бірнеше өтінім бере алады). 665 үміткердің ішінен 313 үміткер конкурс нәтижелері бойынша жеңімпаз болып табылды және тиісінше мектеп директорларына бос орынға ұсынылды. Жеңімпаздардың жас ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, 25 жасқа дейінгі – 145, 25-45 жас аралығы — 137, 45 жастан жоғары — 31 үміткер болған.