ШЫМКЕНТ: ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 9 АЙДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖӨНІНДЕ ЕСЕП БЕРДІ

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде дамып келеді. Атап айтқанда, биыл аудан аумағында 24 ірі кәсіпкерлік нысаны салынуда. Алғашқы 9 айда 13 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған.

Бұл туралы Шымкент қаласының қала әкімі Мұрат Әйтеновке 9 айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов баяндады.

Аудан әкімінің айтуынша, кәсіпкерлік нысандарының құрылысы кезінде және олар іске қосылғаннан кейін 548 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, осы нысандардың құрылысына 4 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Бүгінде қалған 11 нысанның құрылысы жалғасуда. Олардың арасында орталық «Қырғы базар» мен «Дархан» базарын қайта жаңғырту жұмыстары бар.

«Дархан» базарындағы күрделі құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарына «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 100 млн. теңге субсидия бөлінген.

Есеп беру кезінде Ғабит Патшаханұлы қала әкіміне көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, тұрғын-үй коммуналдық шарауашылықты дамыту, жолдарды жөндеу, шалғай елді мекендерді көркейту және қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары туралы баяндады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*