ҚАЛАМГЕР КҮЛИЯ АЙДАРБЕКОВАНЫҢ «ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

«Отырар» кітапханасында Шымкент қаласы мәдениетінің дамуына ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде құрметті демалысқа шыққан Күлия Смайылқызы Айдарбекованың 60 жылдық мерейтойына орай «Ұлылыққа ізгілік» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылып, жазушының «Қазақ қызы» кітабы таныстырылды.

Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева және бір топ зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, өнер адамдары қатысты.

Жиналғандар мерейтой иесін құттықтап, құрмет көрсетті. Қала әкімі М.Әйтеновтің Алғыс хаты табысталды.
Күлия Смайылқызы — «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлық пен М.Х.Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері, ҚР мәдениет қайраткері, журналист, жазушы, Төле би ауданының Құрметті азаматы.

К. Айдарбекованы ұзақ жылдар бойғы шығармашылық еңбегі өз жемісін беріп, бүгінде қалың ел оны қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі. Жазушының қаламынан шыққан көркем дүниелердің бір ерекшелігі оның бүгінгі заманмен үндестік тауып жатуында. «Әкеге құрмет», «Ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстік», «Атажұртты аңсау», «Елбасы Оңтүстік Қазақстанда», «Дәстүр бізден басталды» т.б. бірнеше кітаптары оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ, оңтүстік жұрты К.Смайылқызын ақылман басшы, іскер ұйымдастырушы, жарқын бастамалардың қолдаушысы ретінде ерекше бағалап, құрмет тұтады. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасын да жеті жыл абыроймен басқарды.

Ал «Отырар» кітапханасына басшылық еткен тұстары оның ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ұлы дала өсиеті» және «Қазыналы Оңтүстік» көптомдық кітаптары, аймақта ұмытылып бара жатқан 900-ден астам шығармалар жинақталып, «Оңтүстіктің 100 әні», «Оңтүстіктің 100 күйі», «Оңтүстіктің 100 термесі» 3 томдық кітаптары жарыққа шыққанын өңір тұрғындары жақсы біледі.
Жазушының шығармаларында арқау болған қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі — отбасы құндылықтары, қыз тәрбиесі. Тәрбиелі қыз өсіру — елінің салиқалы ұрпағын тәрбиелеу және қазақ қызын, қазақ ұлтын құрметтеу. Бүгінгі оқырманға жол тартқан «Қазақ қызы» атты туындысы да осы ойды толықтыра түскендей болды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*