Бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық даму институты» КЕАҚ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова және Шымкент қаласы «2 GIS-Shymkent» ЖШС директоры Нұржан Омаровтың қатысуымен екіжақты ынтымақтастық меморандумы жасалды.
Киелі тарихи орындарды нақтылау Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында іске асырылып отыр.
Арнайы жоба шеңберінде және еліміздің тарихи-мәдени мұрасын ауқымды жүйелендіру нәтижесінде 700-ден астам объектіні қамтитын Қазақстанның сакралдық орындарының тізімі қалыптастырылды.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, осы объектілердің инфрақұрылымын дамыту бойынша және QR-кодтар орналастыру жұмыстары қолға алынды.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде халық арасында сакралдық және тарихи объектілерге деген қызығушылық артуда. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ мен «2GIS-Shymkent» ЖШС арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 7 нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енді. Тағы 8 нысан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылған. Шымкент қаласынан республикалық маңызы бар тізімге енген 7 нысанның барлығы да Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Алтауы қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің санатына енсе, қалған біреуі Сайрам қалашығы археологиялық ескерткішіне жатады. Олар: Абдель-Азиз баб кесенесі (ХІХғ.ортасы), Ибрагим-ата кесенесі (ХҮІІ-ХХғғ), Қожа Талих кесенесі (ХІХғ), Мірәлі баб кесенесі (ХІХ ғ соңы), Қарашаш ана кесенесі (ХҮІІІғ), Қызыр мұнарасы (ХІХ ғ) және Сайрам қалашығы (Исфиджаб) (ҮІІІ-ХҮІІғғ).
Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енетін 8 нысанның төртеуі қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, ал қалған төртеуі археологиялық ескерткіштер қатарында. Олар: Металлургтар сарайы — 1 Мамыр көшесі, 10 үй (1950-ші ж. ортасы), Анаров көшесіндегі тұрғын үй, 22 үй (ХХ ғ басы), Никольский шіркеуі Кең-Баба балалар саябағының аумағында (ХХ ғ басы), Мектеп — Қалдаяқов көшесі, 12 үй (1950-ші ж. ортасы), Шымкент қалашығы қаланың оңтүстік бөлігінде (б.з.д ІІІ-ІІ ғғ. б.з.-ХІХ ғғ), Оба (патшалық) Д. Қонаев және Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысында (І-ІҮ ғғ), Оба (қорым) Бадам өзенінің сол жағасы, Шымкент қаласынан Ташкентке шығар жолда (б.з.д.мыңжылдық) және Жеке оба Бадам өзенінің сол жағасында (б.з.д І мыңжылдық) орналасқан.