ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ «ROYAL GROUP» ХОЛДИНГІНІҢ БАСШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Royal Group LLC» дистрибьюторлық компаниясының техникалық директоры Хан Умармен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимыл жасау, Шымкент қаласына инвестиция тарту жайы сөз болды.

Мұрат Әйтенов алпауыт компанияның қаланың туристік жобаларына қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіре отыра, оның мүмкіндіктері турасында толығырақ тоқталды.

— Шымкент қаласы «Ескі қаланың тарихи-мәдени объектілері кешені» ТОП-50 туристік дестинациялардың тізіміне енгізілген. Яғни біздің қалаға туристердің үлкен ағыны болады деп күтілуде. Миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент дайын инфрақұрылымы, бай табиғи және еңбек ресурстары бар Қазақстанның экономикалық дамыған қалаларының бірі. Бұл 2200 жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының жүрегінде орналасқан Қазақстанның ең көне қаласы. Бүгінгі күні қала арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтеді, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Бұдан басқа, қала Орталық Азия елдерінде инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстар тартудың жаңа орталығына айналуы үшін зор әлеуетке ие екенін баса айтып өтті. Сондай-ақ, қала басшысы кездесуде «Royal Group» компаниясының қонақ үй бизнесін басқаруда көп жылдық тәжірибесін ескере отырып, шетелдік инвестор ретінде Шымкенттің туризм саласын дамытуда өз үлестерін қосуға шақырды.

Қосымша ақпарат, Royal Group — Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) орналасқан 60 ірі және орта компаниялар холдингі. 90-жылдардың аяғында құрылған. Бас кеңсесі Абу-Даби қаласында орналасқан. Сауда, қаржыландыру, жылжымайтын мүлік, өндіріс, құрылыс, ақпараттық технологиялар, білім беру, қызмет көрсету саласы, денсаулық сақтау, қонақ үй бизнесі, бөлшек сауда және робототехника сияқты салаларда әртараптандырылған қызметпен айналысады. Шымкент қаласындағы алғашқы 4 жұлдызды қонақ үй салған. Оның құрылысына шамамен 10 миллион доллар инвестиция салған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*