ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ЖЕТПІСІНШІ СЕСИЯСЫНДА БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАПТЫ

Шымкент қаласында қатаң шектеу шараларын және карантинді ұзарту туралы қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жетпісінші сессиясы онлайн форматта өтті. Мәжіліс сессиясы күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

Бүгінгі сессия Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауына сәйкес, алғаш рет тікелей эфирде ұйымдастырылып отыр. Бұл эфирді қала мәслихатының ресми сайты арқылы барлық қала тұрғындары көре алады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «2018-2020 жылдарға арналған Шымкент қаласының даму бағдарламасын бекіту туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, қабылданған карантинді шараларға байланысты экономикалық бағытта 22 индикатор қайта қаралды. Оның ішінде экономикалық бағытта 11, әлеуметтік даму бағытында 8, инфрақұрылым бағытында 3 өзгеріс енгізілді.

Келесі мәселе бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау бойынша Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 26 қарашадағы шешіміне өзгеріс енгізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімшілік-іскерлік орталығы жанына «Өнер мектебі» нысанын салу және пайдалануға беру үшін 2 млрд 433 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік міндеттеме қабылданған болатын. Алайда жекешелік-әріптестік аясында «Эуро ремонт сервис» ЖШС жұмысты өз уақытында аяқтай алмауына байланысты осы жылғы операциялық шығындарды өтеуге қаралған 67,6 млн теңгені қысқарту ұсынысы қаралды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының қоғамдық кеңесін бекіту мәселесі қаралды. Қалалық Қоғамдық кеңес конкурсына 10 үміткерден өтініш келіп түскен. Қоғамдық кеңесінің жұмыс тобы кандидатқа дауыс беру арқылы 6 мүше сайланды.

Сессия күн тәртібіндегі мәселелер алдымен бірлескен тұрақты комиссияларының отырысында және «Nur Otan» партиясы фракциясының онлайн режимдегі отырысында егжей-тегжейлі талқыланып, депутаттар бірауыздан шешім қабылдады. Мәжіліс соңында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенділігін арттыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар, депутаттар корпусына карантин кезінде әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*