ШЫМКЕНТ «АРБАТЫНДА» ӨНЕР КӨРСЕТКЕН ТАЛАНТТАР ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ТӘНТІ ЕТТІ

«Шымкент 2020 – ТМД-ның мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуы аясында қала тұрғындарын керемет көңіл күйге бөлеген ерекше шаралардың бірі «Арбат» демалыс орнында ұйымдастырылды. Дәл бүгін «Арбат» алып театр сахнасына айналды десек те болады.
«Өнерліге өріс кең» дегендей, мұнда қаладағы мәдени саланың көптеген өнерпаздары, театр әртістері көпшілікке өз өнерлерін ортаға салуда. «Арбаттың» кіреберісінен көрерменді қарсы алған әзіл-сықақ театры сахналық көрініс ұсынып, мерекелік қойылымдармен тәнті етуде.
Атап айтсақ, «Қызыл трактор» өнер тобы ерекше көрініспен қуантты. Заманауи және ұлттық стильді ұштастырып, өзгеше костюммен ерекшеленген өнерпаздар алып ер-тұрман пішініндегі инсталляция айналысында би биледі.
Сонымен қатар, «Арбатта» қазақ, орыс және өзбек театрлары бірлескен қойылым әзірлеп, ән-жырмен қоса сахналық көріністерін көрсетті. Жонглерлар мен басқа өнерпаздар да «Арбаттан» табылды.
Бүгінгі мәдени іс-шараның тағы бір ерекшелігі — жанды «мүсіндер». Өнерпаздар батыр, абыз ақсақал, музыкант және суретші кейпінде қозғалмастан тұрып, қала тұрғындарының қызығушылығын тудырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*