ШЫМКЕНТТЕ КІТАП ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Шымкентте 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі республикалық «Кітап FEST» фестивалін ұйымдастырды. Көрме орталығындағы өткен іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева, зиялы қауім өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, іс-шарада Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларынан баспа үйлері, кітап дүкендері, қалалық кітапханалар оқырмандарға жаңа кітаптарын ұсынды.

Фестивальдің негізгі мақсаты – қоғамның интеллектуалды әлеуетін арттыру, мәдени құндылықтарды дамыту, жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, — деді ұйымдастырушылар.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «құндылықтар жүйесінде білім – кітап» деген болатын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да «Ұлттық сенім» кеңесінде сөйлеген сөзінде кітапханаларға, олардың жай-күйіне, кітаптардың шығарылуына көңіл бөліп, басымдық берген еді. Бүгінгі күні заман талабына қарай кітаптар электронды нұсқаға көшті. Шындығында кітап оқу көрсеткіші бұрынғыдан төмендеді. Бұрын үйлерде сөре толы том-том кітап жиналып тұратын. Қазір қазынамыз көп үйден көрінбейді. Бір апта бұрын қала тұрғындарының арасында кітап оқу тұрғысында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде «қашан кітап оқыдың?» деген сұраққа 43 пайыз адам «есімде жоқ» деп жауап берген, — деген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан оқырманға артық білім кітапта екенін жеткізді.

Кітап фестивалінің ашылу салтанатында шымкенттік «Жебе» баспа үйінің Елбасы Н. Назарбаевқа арналған «Кемеңгер. Дана. Көшбасы» кітабының таныстырылымы өтті. Елбасының сыныптасы Роза Тілемісова, ардагер журналист Байдулла Қонысбек Тұңғыш Президент күнінің маңыздылығына тоқталып, орамды ой-пікірін айтты.
Айта кетейік, қала тұрғындары мен қонақтары Көрме орталығында 30 қараша мен 5 желтоқсан аралығында кітап әлеміне саяхат жасай алады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*