ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІ (БЕЙНЕ)

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жаңа идеялар ел болашағын баянды етпек. Төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктеп, ұлы мақсаттарға жетелейді. Маңызды құжатта тапсырылған міндеттерді Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі мүлтіксіз орындап келеді. Оқу орны жас ұрпақ бойына ұлттық өнерді сіңіріп, насихаттауда.

Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Ұлт тарихындағы уақытқа талдау жасап, генетикаға мән берген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы колледж арасында да қызу талқыға түскен. Қаламыздағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизани колледжі осы мақаланы дәріптеп, ұлттық қолөнерімізді дамыту бағытында аянбай еңбек етуде.Дамыған заманда түбін терең білетін дарынды ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет үшін басты міндет.Маңызды мақала руханиятымызды жаңғыртуға
жағдай жасайды, — дейді Талғат Бөрібаев.

Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған «Алтын адам». Бұл жауынгер тарих қойнауынан сыр шертеді. Ата-бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. «Шебердің қолы алтын», — демекші колледж студенттері «Алтын адамның» көшірмесін аз уақыт ішінде жасап, көпшіліктің назарына ұсынған.

Елбасымыз: Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы,- деп атап өткендей, тарихымызды ұмытпайық, өткеніміз бен бүгінімізді бағалай білейік.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*