ҚАЛА ӘКІМІ «ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ» ТІКЕЛЕЙ ЭФИРІНДЕ СҰХБАТ БЕРДІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Қазақ радиосының» тікелей эфирінде атқарылған жұмыстар жөнінде сұхбат берді. Қала әкімі 10 айда атқарылған жұмыстар, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

– Шымкенттің Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына екі жылдан астам уақыт өтті. Тарихи шешім қала болашағы үшін зор мүмкіндік беріп отыр. Осыдан екі жыл бұрын өнеркәсіп өнімінің көлемі 319 млрд теңге болса, бүгінде 523 млрд теңгеге жетті. Республикалық статус алғалы бері қалаға 1 трлн инвестиция тартылды. Екі жылдың ішінде әр саланың даму көрсеткіштері екі есеге өсіп отыр. Алдағы бес жылдықта өнеркәсіп өнімінің көлемін 900 млрдқа жеткізу жоспарын құрдық. Бұған барлық мүмкіндік бар. Қалада инфрақұрылыммен қамтылған үш аймақ жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылдың 3 айында 66 млрд теңгенің өнімі шығарылды, – деді қала әкімі.

Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, «Жұлдыз» индустриалды аймағын іске қосу үшін керекті жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл аймақта 60 инвестициялық жоба іске асырылады.

Сондай-ақ, қала әкімі шаһарда көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
– Шымкент қаласында 70 пайыз жеке үйлер. Көпқабатты үйлердің көбісі Кеңес одағы кезінде салынған. Тозығы да жетті. Мегаполис қала болғандықтан енді көпқабатты үйлерді дамытуға басымдық беруіміз керек. Былтыр 590 мың шаршы метр үй салынды. Биыл 648 мың шаршы метрге жеткізіп отырмыз. Алдағы бес жылдықта қалада кемінде 2-2,5 млн шаршы метр көпқабатты үйлер салынуы керек, – деді қала әкімі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*