ШЫМКЕНТ: «НҰРСӘТ» ӨНЕР МЕКТЕБІНДЕ 120 ШӘКІРТ ТӘЛІМ АЛУДА

Жақында Тұңғыш Президент күніне орай ашылған «Нұрсәт» өнер мектебі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында негізі қаланған.

Жаңадан бой көтерген мектеп 150 орынға арналған. Бүгінде 120 шәкірт хореография, көркем-сурет, хор және вокал, аспаптық, сахналық және шешендік өнер түрлері бойынша тәлім алуда. Сондай-ақ жас өнерпаздар қолөнер түрлері мен спорт, мультимедиа, IT ақпарат технологиясы бойынша тәжірибесін шыңдайды.

Балалар өнер мектебіне 5 жастан бастап қабылданады. Жыл соңында емтихан тапсырып, бейімдеріне қарай сыныптарға бөлінеді. Айта кететіні, балаларды мектепке қабылдау уақыт жағынан шектеусіз. Аталған өнер ошағында 38 білікті ұстаз жұмыс істейді.

Нысанның бой көтеруіне мұрындық болған, кәсіпкер Бекасыл Ағабеков мектептің болашақтағы жоспарымен бөлісті.

– Болашақта өнер саласын өркендету мақсатында тәрбие ошағының ауқымын түрлі салалар бойынша кеңейтіп, 300 оқушыға дейін қабылдауды мақсат етіп отырмыз. Алдағы уақытта балалар үйімен келісім-шарт түзіліп, ондағы тәрбиеленушілерге тегін білім алуға жағдай жасалмақ. Сонымен қатар, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыдан шыққан таланттарды қолдау мақсатында түрлі жеңілдіктер де ұсынылатын болады, – деді ол.

Сонымен қатар, «Нұрсәт» өнер мектебінің заманауи бағытта және спорт саласында да өскелең ұрпаққа білім беруге мүмкіндіктері бар.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*